«Ана тілім – асыл қазынам»  тағылымды кездесу

И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада «Ана тілім – асыл қазынам» атты танымдық кездесу кеші өтті. Іс-шара «Sana» әдеби-музыкалық клубының негізгі іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылып, қазақ тілінің маңызына, оның тарихына, байлығы мен ұлттық мәдениет және рухани құндылықтарды сақтаудағы рөліне арналды.

           Кездесуге зиялы қауым өкілдері, ақындар, «Sana» әдеби-музыкалық клубының мүшелері, студенттер, мектеп оқушылары және кітапхана оқырмандары қатысты.

           Іс-шара әсем әнмен басталып, көрермендерге ерекше әсер мен мерекелік көңіл күй сыйлады. Кездесу барысында қазақ тілінің ұлттық құндылық ретіндегі маңызы, халықтың тарихи жады мен рухани болмысындағы орны кеңінен сөз болды.

Кеш барысында ұрпақтар сабақтастығы мәселесіне ерекше назар аударылды. Ана тілі – өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғайтын алтын көпір. Тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа ата-бабамыздың даналығы, ұлттық салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымыз беріледі.

           Іс-шара аясында «Туған тіл – тұғырым» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Көрмеде қазақ тілінің тарихы мен дамуына, тіл мәдениеті мен шешендік өнерге арналған кітаптар, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары, сондай-ақ мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер жинақтары ұсынылды.

           Кездесуде ана тіліне арналған өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Қонақтар мен қатысушылар тіл мәдениеті, мемлекеттік тілдің қазіргі қоғамдағы орны мен маңызы туралы өз ойларымен бөлісті. Кештің ерекше мәні – аға буын өкілдерімен қатар студенттер мен мектеп оқушыларының белсенді қатысуында болды.

           «Ана тілім – асыл қазынам» атты танымдық кездесу ана тілінің қоғамдағы орнын дәріптеуге, ұлттық руханиятты насихаттауға және жас ұрпақтың туған тілге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды басқосу болды.

           Ана тілін құрметтеу, оны күнделікті өмірде қолдану және оның байлығын кейінгі ұрпаққа жеткізу – халқымыздың рухани мұрасын сақтау әрі еліміздің болашағына қамқорлық жасау.

            Жиналған қонақтарға буклеттер таратылды, тиісті кітаптар жинағы ұсынылды, соңында барлығы  естелік фотоға түсті.

 Жүргізуші: Алтынай Қожабайқызы

 

 

 

 

 

 

Манаш Қозыбаевқа 95 жыл

И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхана жанынан құрылған «Sana» әдеби-музыкалық клубы мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің бірлесуімен көрнекті ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығына арналған «Манаш Қозыбаев — тұғыры биік тарлан тарихшы» тағылымды әдеби кеш өткізді.

Манаш Қозыбаев – тек ғалым ғана емес, елдің тарихын түгендеп, ұлттық сананы жаңғыртуға үлкен үлес қосқан тұлға. Оның еңбектері бізге өткенімізді танып, болашағымызды бағамдауға жол ашады. Манаш Қозыбаев – өткенді тірілткен, тарихқа жан бітірген, ұлттың жадын жаңғыртқан ұлы тұлға. Оның еңбектерін оқығанда, өз тамырыңды тереңірек сезінесің, өз еліңе деген мақтаныш сезімің оянады.  Әрине бұл – тек еске алу ғана емес, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мұрасын ұлықтау. бүгінгі кеш – жай ғана кездесу емес, бұл – рухпен қауышу, тарихпен тілдесу, ұлттың ұлы тұлғасына тағзым ету сәті.

Іс-шара барысында ғалымның симпозиумда сөйлеген сөзінен голограмма ұсынылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар дәріс залында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тарихы туралы деректі фильм көрсетілді. Кеш аясында кітап көрмесі, сондай-ақ университет тарихы мен Манаш Қозыбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған мольберт көрмелері ұйымдастырылған.

Жиынға келген құрметті қонақтарға сөз берілді. Олардың қатарында әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі басқарма мүшесі Төлепберген Әділхан, «Қазақ филологиясы» кафедрасының филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жанар Таласпаева, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері, «Sana» әдеби-музыкалық клубының жетекшісі — Алтынай Сыздықова,университеттің тарихи музей жетекшісі Ботагөз Қожабекова және университет студенттері бар.

Кештің көркем бөлігінде студенттердің орындауында «Манаш Қозыбаевқа арнау», «Манаш», «Манаш Қозыбаев», «Манаш Қозыбаевқа арнау» әндер шырқалып, күйлер орындалды.

Бұл – жай ғана еске алу кеші емес, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мұрасын ұлықтау, рухпен қауышып, тарихпен тілдескен тағылымды сәт болды. Осындай мәні зор кешті ұйымдастырушыларға алғыс білдіре отырып, рухани кездесулердің саны арта берсін деген тілегімді жеткіземін.

Осындай тұлғаның есімімен аталатын университеттің, кітапхананың рухани өмірге үлес қосып, «Sana» әдеби-музыкалық клубы арқылы осындай кештер ұйымдастыруы – қуантарлық жағдай. Бұл – жастарға үлгі, тарихқа құрмет. Осындай игі істер арқылы біз ұлы есімдерді ұмытпай, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп келеміз.

 

 

 


 

 

Қазақстанда Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күні 23 сәуірде бірге атап өтіледі. Мерекелердің осылайша бір күнге тоғысуы оның мән-маңызын арттыра түсіп, кітапханалардың білім тарату мен мәдени мұраны сақтаудағы орны ерекше екенін айқындайды. Жаңа күннің белгіленуі кітап мәдениетінің қоғамдық және кәсіби маңызын ұштастырып қана қоймай, іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Себебі кітап – ұлттың рухани жадын сақтайтын асыл қазына. Кітап арқылы біз тек білім алып қана қоймай, өз тамырымызды, тарихымызды танимыз. Кітап – менің сырласым, жазуы – ақылдың қырағысы. Оқысаң – бойың тіктелер, ұлттың ертеңгі шырағысы! Осы орайда «Qyzylgar» телеарнасында кітапхананың тарихы туралы «Біздің өңір» бағдарламасының онлайн трансляциясында сұхбат бердім. Бағдарлама мәдени ошақтарды танытуға, жұмысын көрсету, кітапхана қызметі мен мүмкіндіктері туралы көрерменге танытуға бағытталған. Сұхбаттың тақырыбы: «Кітапхана:білім мен мәдениеттің ордасы».

https://www.instagram.com/reel/DXWD5Zfj4Cp/?igsh=ZnI0eHk3a3M2ZnF1

 

 


 

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. И.Шухов атындағы  орталық қалалық кітапханада «Sana» әдеби-музыкалық клубының негізгі іс-шаралар жоспары аясында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу және мәдени мұрамызды кеңінен насихаттау мақсатында «Бата – халық мұрасы» атты библиоэфир  өтті. Эфирдің қонағы – Әбдірахманов Тілек Әйтімұлы – Қазақстан Республикасының құрметті байланысшысы, тыл ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

 


 

 

«Ғасыр ақыны – Мұқағали» әдеби кеш

           И.Шухов атындағы  орталық қалалық кітапханада «Sana» әдеби-музыкалық клубының негізгі іс-шаралар жоспары аясында Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған  «Ғасыр ақыны – Мұқағали» әдеби кездесу кеші өтті. Іс-шараның мақсаты: ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау,мемлекеттік тіл  мәртебесін нығайту, қазақ поэзиясындағы ақынның рухани мұрасын насихаттау. Мазмұны:Мұқағали поэзиясының қазақ әдебиетіндегі орны. Ақын жырларының бүгінгі оқырманға әсері. Мұқағалидан алған рухани тағылым.

            Биылғы бірініші отырыстың шымылдығы Есжанов Біржан Сәрсембайұлы — «Мәдениет саласының үздігі» медалінің  иегері, халықаралық және республикалық ән байқауларының  лауреаты, қазақ әндерді орындаушы, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртісінің орындауында М.Мақатаевтың «Қазағым-ай», «Аягөз ару» әндерімен ашылды.

Алдымен журналист М. Бекбаева ұсынған жазушының өмір жолы мен толық өмірбаяны туралы бейнеролигі көрсетілді. Мұқағали Мақатаев – ғасыр ақыны. Мұқағали 1931 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келді. Оның өлеңдері – қазақ халқының жан дүниесінің көркем шежіресі. Ақынның шығармашылығы –махаббат пен мұң, тағдыр мен уақыт, адам мен қоғам философиясының терең үйлесімі. Мұқағали Мақатаев –уақытпен шектелмейтін, адам жанына жақын, шындықты жырлаған ақын. Ол – өлеңді тағдыр еткен, поэзияны өмірмен теңестірген тұлға. Жыр әлемінің жарық жұлдызы –Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Ғасыр ақыны- Мұқағали» атты әдеби-кездесу кештің ерекшелігі –ұлы ақынның шығармашылығын қонақ ақындармен бірге талдап, поэзия туралы ашық сұхбат құру. Ол – бір ғасырдың емес, бір ұлттың рухын көтерген, жырымен жүрекке жол тапқан мәңгілік ақын деп айтамыз, себебі  Мұқағали – халықтың жүрегінде өмір сүрген,өлеңімен елін сүйген,мәңгілік жыр қалдырған ұлы ақын.

           Шара барысында клуб мүшелері мен оқырмандар ақын туралы  еркін сұхбат және пікір алмасып, М.Мақатаев сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың», «Сарыжайлау»,»Сәби болғым келеді»,«Бақытыңды жырлайды» әндер орындады, студенттер мен оқушылар «Үш бақытым», «Поэзия», «Фаризаға», «Мен таулықпын», «Аққулар ұйықтағанда» атты өлеңдерін оқып берді.

 

 

Тiлдер күні қарсаңында И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада «Sana» әдеби-музыкалық клубының негізгі іс-шаралар жоспары аясында «Тіл-халықтың жаны, рухани қазынасы» кездесу кеші өтті

Тiлдер күні қарсаңында И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада «Sana» әдеби-музыкалық клубының негізгі іс-шаралар жоспары аясында «Тіл-халықтың жаны, рухани қазынасы» кездесу кеші өтті. Іс-шараның мақсаты: мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту, қазақ әдебиеті шығармашылығын насихаттау және дәріптеу, өскелең ұрпақтың адамгершілік-патриоттық тәрбиесіне ықпал ету, сондай-ақ түрлі этнос өкілдері арасында оның қолданыс аясын кеңейту.

Шара барысында спикерлер тіл туралы, тіл мәселесі туралы сөз өрбітті. Тіл — қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Тіл — халықтың жаны, рухани қазынасы, тұтастықтың тiрегi. Басты баяндамашылар Таласпаева Жанар — М. Қозыбаев атындағы СҚУ филология ғылымдарының кандидаты, доцент және Татаренко Мария — СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубының мүшесі, «Радзiма» СҚО белорустар мәдени орталығының қоғамдық бірлестігінің төрағасы тiлдiң рөлі туралы сөз өрбiттi, тарихы мен тағдыры, тәлім мен тәрбиенің негізі, қатынас құралы тіл екенін атап өтті. «Мемлекеттік тілді білу — елге құрмет, силастықтың нақты көрінісі» деп ойын сабақтаған Мария Татаренконың жүрекжарды толғанысы келген қонақтарды ерекше тебiренттi. Iс-шараға қатысқандар бейнероликтерді қарап, өз әсерлерімен бөлісті, шынайы ықыластарын білдіріп, зор қуаныш пен шабыт сыйлады. Осындай тәрбиелік мәні зор ic-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен патриоттық рухты қалыптастыру әрине бiздiң басты мақсатымыз. Жиында кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Клубтың кезекті отырысы музыкалық нөмірмен және естелік фотосуреттермен айақталды.

5

Image 3 of 6